Шымкентте үшем дүниеге келді

дүниеге келді

Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Айгүл Бақытжанқызы үш ұл баланы дүниеге әкелді. Жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келген үшемдердің бірінің салмағы 1580 грамм болса, екіншісі − 1640, үшіншісінікі 1610 грам болып туылды. Дәрігерлер үшемдерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасап, кейін палатаға шығарып, күтіп-баптады. Нәтижесінде, едәуір салмақ жинап, жағдайлары жақсарған үшемдер мен олардың анасын бүгін Шымкенттегі перзентхана қызметкерлері салтанатты рәсіммен үйлеріне шығарып салды. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы үшемге Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмухаммед деген есімдер берген. Бұл – Шымкенттегі жыл басынан бері өмірге келген төртінші үшем. Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 10913 сәби дүниеге келген. Оның 5579-ы ұл болса, 5334-і қыз. Егіздердің саны 107-ге жетіп, төрт үшем өмірге келген.
2024 жылғы 1 сәуірге қала халқының саны 1231,8 мың адамды құрады.Халықтың табиғи өсімі 2024 жылғы қаңтар-наурызда 6071 адамды құрады (өткен жылғы сәйкес кезеңде 6009 адам).

2024 жылғы қаңтар-наурызда туылғандар саны 7277 адамды құрады (2023 жылғы қаңтар-наурызға сәйкес 0,5% көбейді), қайтыс болғандар саны 1206 адамды құрады (2023 жылғы қаңтар-наурызға сәйкес 2,1% кеміді).

Біздің елімізде ана мен баланың денсаулығы мемлекет қамқорлығына алынған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда: «Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі» деп, оларға медициналық көмектің барлық түрін көрсету жөнінде нықтап тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Шымкент қаласында ана мен баланың денсаулығын жақсарту — денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Әсіресе, шақалақтар жарық дүние есігін ашатын перзентханалардың жан-жақты жабдықталған, заманауи стандартқа сай болуы маңызды.

Қалада 4 перзентхана жұмыс істейді. Бұл перзентханаларда жас босанған аналар өздерін қолайлы сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Тәжірибесі мол, білікті мамандар жұмыс істейді. Медицинадағы соңғы жаңалықтардан құр қалмайтыны және бар.
Мәселен, жуырда Шымкент қалалық Перинаталдық орталықта неонаталды хирургия ашылды. Соның арқасында емдеу орталығының дәрігерлері тумасынан ауыр дертке шалдыққан науқастарға перзентхана ішінде шұғыл хирургиялық көмек көрсете алады. Осы неонаталды хирургия ашылғаннан бері орталық дәрігерлері жеті сәбиге ота жасап, ажалдан арашалап қалды.
Перинаталдық орталық ішінде сәбилерге күрделі операция жасау үшін қажетті заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог-реаниматолог мамандарымен толықты.