Мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қолдау – мемлекеттің міндеті.
Бүгінде Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар.
Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады.
«Бәріміз бірдейміз — ажырамас іргеміз» атты мерекелік іс-шараны ұйымдастырушы «Тең қоғам » әлеуметтік қолдау орталығында ерекше жандарға үздіксіз көмек көрсетіліп, бағыт — бағдар беріледі.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қол арба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында да мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілген.
Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделе алады және олар тиісті еңбекақы мен әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктері артуда. Мәселен, қолданба арқылы азаматтар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы.