Түркістан қаласында «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында бірнеше спорт түрінен жарыс өтуде. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деген тақырыппен өткізілген бұл шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас ұрпақ арасында достық байланыстарды нығайту.
Жарыс барысында жасөспірімдер волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынасуда. Оған Түркістан қаласының 15 мектебінен келген оқушылар қатысуда. Жарысқа қатысушылардың белсенділігі, ынтасы мен қабілеттері олардың спортқа деген қызығушылықтарының жоғары екенін көрсетеді.
Шахмат жарысы «Сауран» тұрғын алабында өтті. Интеллектуалды ойынға қатысушылар арасындағы бәсекелестік аса жоғары болды. Ұлдар арасында №8 мектептің оқушысы бірінші орынды жеңіп алса, қыздар арасында №6 мектептің спортшысы жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл шахматшылардың қажырлы еңбектерінің нәтижесі екені сөзсіз. Осындай жарыстар арқылы оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері дамып, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыстары арта түседі.
Волейбол жарысы Яссы тұрғын алабында ұйымдастырылды. Мұнда №15 М.Жұмабаев мектебінің командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орын №24 М.Шоқай мектебінің, ал үшінші орын №14 Қазыбек би мектебінің спортшыларына бұйырды. Командалардың шеберлігі мен тактикалық ойлауы көрермендерді тәнті етті. Ойын барысында көрсетілген тамаша комбинациялар мен командалық жұмыс жастардың бір-біріне деген сенімділігін арттыра түсті.
Тоғызқұмалақ жарысы «Бірлік» тұрғын алабында өтті. Бұл ұлттық ойынға қатысқан №27 Ө.Жәнібеков пен Е. Иззатуллаев атындағы мектептердің оқушылары арасында ерекше қызығушылық байқалды. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік ойыншылар анықталып, марапатталды. Тоғызқұмалақ – тек ойын ғана емес, сонымен қатар ой-өрісті кеңейту, стратегиялық ойлауды дамытуға зор әсер етеді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар мен дипломдармен марапатталды. Осындай жарыстар Түркістан қаласындағы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Жас спортшылардың жетістіктері қалалық әкімдік пен спорт ұйымдарының алдағы уақытта да балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық шараларды ұйымдастыру жоспарларын бекіте түсері анық.
Жыл сайын өткізілетін бұл дәстүрлі спорт жарысы алдағы уақытта «Шауғар», «Отырар», «Бекзат» секторларында үстел теннисі, баскетбол, дойбы сынды спорт түрлерімен жалғасады. Спорт – жастар үшін өмірдің мәні, ал салауатты өмір салты – жарқын болашақтың кепілі.