Шымкентте анасының мазасын алған азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды

Еңбекші ауданы Полиция басқармасының «102» арнасы арқылы жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол онда, ұлы екеуінің арасында отбасылық жанжалдың жиілеп кеткендігін айтқан.

Мән-жайды анықтау үшін көрсетілген мекенжайға Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Ж.Тасқұлова мен А.Төребай, сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Ұ.Тұрғынов барып, жағдайдың жай-жапсарымен танысты.

         Қазіргі таңда азаматшаның арызы бойынша ұлына қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Заңнама бойынша қорғау нұсқамасы бір ай мерзімге беріледі. Ол бойынша 30 тәулік ішінде жәбірленушінің қайта мазасын алып, тыныштығын бұзуға тиым салынады. Осы тұста тәртіп сақшылары жайсыз отбасылар мен түрлі отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан жанұя мүшелерінің зардап шегетінін айтты.

         Сондай-ақ, оларға қатысты күш көрсету, кемсіту, ұрып-соғу жайттары бойынша заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

         Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді көрінеді. Әйел аналардың «Ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Шаһарымызда жыл басынан бері «102» арнасы арқылы полицияға отбасылық жанжал туралы 5326 шақырту келіп түсті. Оның ішінде, 1073 азаматша болған жайтқа қатысты арыз-шағым жазудан бас тартқан.

         «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңға сәйкес 3529 тұлғаға «қорғау нұсқамасы» шығарылды. Профилактикалық жұмыстар кезінде нұсқаманы бұзған 103 азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық Бұзушылық Кодексіне сәйкес сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 621 адамға қатысты әкімшілік іс сотқа жолданып, полиция қызметкерлерінің ұсынысымен 213 тұлғаның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.

         Жыл басынан бері отбасылық жанжалдан зардап шеккен 145 әйел әлеуметтік көмек көрсету орталықтарына орналастырылды. Тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты өткен жылмен салыстырғанда 20,8 пайызға төмендеген.

         Алдағы уақытта, жоғарыда көрсетілген нәтижені жақсарту үшін профилактикалық шаралар күшейтілетін болады.