Ұшақтағы құқықбұзушылықтар

Шымкент қаласының әуежайында «Стамбул-Шымкент» бағытындағы рейс ұшып келгеннен кейін жүктерді тексеру барысында Түркістан облысының 55 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Жолаушыдан діни мазмұндағы 63 кітап табылып, тәркіленді.

Шымкент станциясындағы көлік полицейлері ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағы, яғни діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, шығаруға, басып шығаруға және (немесе) таратуға белгіленген талаптарды бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолдады.

Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оған 50 АЕК (153 150 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар Шымкент қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесіне «Qazaq Air» әуе компаниясының өкілі жолаушылардың біріне қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, ер адам «Шымкент-Астана» бағытындағы әуе рейсіне отырғызу кезінде өзін дөрекі ұстап, әуе компания қызметкерлерін балағаттаған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

М.Айтуғановтың айтуынша, көлік полицейлері тексеру кезінде Шымкент қаласының 46 жастағы тұрғынын анықтады. Медициналық куәландыру бойынша оның «орташа» дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

«Құқықбұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің бірден үш бабы, яғни, 440-бап (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 434-бап (Ұсақ бұзақылық), 566-бап (Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік материал толтырылды. Нәтижесінде жоғарыда аталған азаматқа 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», — деді М.Айтуғанов.

Ұсақ бұзақылық бойынша материал тиісті шешім қабылдау үшін Шымкент қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлерімен түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 33 749 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін – 3382, ұсақ бұзақылық үшін – 458 адам.