Бүгін халықты жұмыспен қамту орталығының Абай ауданы бойынша бөлімшесінде «Адал көмек» жобасы аясында жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды.
Тұрғындарды Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Бахтияр Өнербаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов, Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Шағдат Әсет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері қабылдады.
Іс-шараны ұйымдастырушы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, аталған салада қабылдау өткізудің өзіндік себебі де бар. Бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енгізілген салалардың бірі болып табылады. Осындай кездесулер сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, халықтың бірінші басшылардан кеңес алуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қабылдау барысында халықтың ең көп сұрақтары жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмекті алу, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттың берілуі мен денсаулығына байланысты мүгедектігін ауырлату мәселесі бойынша қойылды. Сонымен қатар, азаматтар тек проблемалары мен кеңес алумен ғана шектелмей, ұсыныстарын да білдірді.
Мәселен, қала тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекке табыс көзін есептеу кезінде мүгедектікке берілетін жәрдемақыны есептемеуді, білім саласындағы бос орындарды enbek.kz порталымен интеграциялауды сұрады.
Айта кетейік, «Адал Көмек» жобасы аясында айына 2 рет тұрғындарға түрлі мемлекеттік органдармен негізінен халықтың проблемалары туындайтын әлеуметтік нысандарда қабылдау және кеңес беру жүргізіледі.