Адам саудасы мәселесі қазіргі өркениетті қоғамда да әлемнің басты проблемаларының бірі. Адамзат тарихындағы ең әділетсіз, адам құқығы тапталған, аяусыз мәселе – адам саудасы. Адам саудасына қарсы күрес әлемдік қоғамдастықтың күн тәртібіндегі тұрған мәселелердің бірі болып табылады. Біздің елімізде де балалар мен әйелдер, тіпті ер азаматтардың өздері де адам саудасының құрбанына айналатын оқиғалар жиі кездесіп жатады.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни ағымдағы жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді. Оның шеңберінде Қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты — адам саудасына байланысты қылмыстар енгізіледі және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» деген жаңа ұғым, оның ішінде нақты уақыт режимінде Интернет желісі арқылы қашықтықтан енгізіледі.
30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы перинаталдық орталық жұмысшыларымен ақпараттық профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесуде адам саудасының түрлері мен ол үшін заңмен қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндіріліп, аталған ауыр қылмысқа қарсы бірлесіп әрекет ету жайында айтылды.
Сонымен қатар жиын қатысушыларына осы тақырыптағы жадынамалар таратылды.
Бұл бағыттағы іс-шараларға тәртіп сақшыларынан бөлек, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің мамандары да жұмылдырылды. Олар теміржол вокзалында шоғырланған халыққа да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, адам саудасының алдын алуға бағытталған ақпараттық парақшаларды таратты.
Мұндағы басты мақсат – адам саудасының алдын алу, азаматтар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы олардың ақпараттық қорын кеңейту болып табылады. Өйткені, адамдардың хабардар болуы және күдікті жағдайларды дер кезінде тану қабілеті көптеген өмірді сақтап қалуы мүмкін.