Адам саудасына қарсы күрес әлемдік қоғамдастықтың күн тәртібіндегі тұрған мәселелердің бірі болып табылады. Адам саудасы — адам құқығын бұзудың ең қатал түрі. Іс жүзінде әр елде жеке адамның бостандығы құқығы заңды түрде бекітілген, дегенмен, адам саудасы қазіргі қоғамдағы өткір мәселе болып қала береді. Біздің елімізде де балалар мен әйелдер, тіпті ер азаматтардың өздері де адам саудасының құрбанына айналатын оқиғалар жиі кездесіп жатады. Адам саудасының әр түрлі мақсаттары бар, олар: мәжбүрлі еңбек, жыныстық құлдық, органдарды жинау, суррогат ана болу және басқалары.
Бүгінде адам саудасы табысты бизнес болып саналады, қару-жарақ пен есірткіні сатудан кейін кірісі бойынша үшінші орында. Осыған байланысты мұндай заңсыз бизнестің иелері оны кез-келген тәсілмен қорғайды. Осыны біле отырып, адам саудасының осы түрінің құрбандары қорқыныш, ұят немесе қылмыскерлердің жазаланбайтындығына сену салдарынан құқық қорғау органдарына сирек барады.
Қылмыстың бұл түрімен тек құқық қорғау органдары ғана емес, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар да күресуде.
Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы және Еңбекші ауданының әкімдігімен бірлесе отырып, №36 жалпы орта мектебінде «Адам саудасының алдын алу» тақырыбында маңызды кездесу өтті.
Шараның басты мақсаты – адам құқықтарын сақтау, оқушыларды өз өміріне жауапты болуға шақыру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесуге Еңбекші ауданы әкімінің аппаратының қызметкері Искакова Әсел, ЦПЗ психиатры Жайлаубаева Қ, ЦИПР теолог маманы Бердібек Әсел, Жастар ресурстық орталығының психологы Әбдірашіт Айзада Үсенқызы қатысты. Олар адам саудасының алдын алу, өз өміріне жауапты болу, отбасындағы зорлық-зомбылықтың зияны мен жастар арасындағы буллинг тақырыптарын қозғады.
Оқушылармен кері байланыс орнатылып, оларға түсінікті әрі нақты кеңестер берілді. Шара қатысушылардың өміріне қатысты маңызды ақпараттарды жеткізіп, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында білім беру маңызын айқындады.
Қазақстанда адам саудасына қарсы күресті тек құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, сонымен қатар әрбір азамат әлеуметтік белсенділік арқылы көмек көрсетіп, кез-келген күдік туралы сенім телефонына немесе тікелей тиісті органдарға хабарлауы керек.