Азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары

Шет ел азаматтары — мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын, өзінің мемлекеттің азаматтығына жататынын дәлелдейтін айғақтары жоқ адамдар. Шет ел азаматтарының және елде азаматтығы жоқ адамдардың мәртебесін айқындайтын негізгі ұстаным ҚР Конституциясының 12-бабында баянды етілген, осы бапқа сәйкес мұндай адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ ҚР азаматтарымен бірдей міндеттер атқарады. Құқықтық жағдайда Шет ел азаматтарының Қазақстанда тұрақты немесе уақытша болуына қарай айқындалатын бірқатар айырмашылықтары бар. Шет ел азаматтары қандай жағдайда болғанына қарамастан заң алдында бірдей. Олардың құқықтар мен бостандықтарды пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделеріне, Қазақстан Республикасы азаматтары мен басқа да адамдардың заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.

Академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің – «Рухани жаңғыру» дәрісханасында 2022 жыл 18-қазан күні «Құқық» кафедрасының ұйымдастыруымен «Сана Сезім» Әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері «ҚР Азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары» туралы семинар өткізді.

Семинарға «Құқықтану» мамандығының студенттері, кафедра оқытушылары, университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Садықов Бердіқұл Қадырқұлұлы қатысты. Семинар барысында студенттерге азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары туралы бейнероликтер және азаматтығы жоқтықтың алдын алу мен оны қысқартудың халықаралық стандарттары туралы презентациялар көрсетілді.

Студенттер ұсынылған мәліметтерге қызығушылық танытып, өздерінің тақырып бойынша сұрақтарына толық жауап алды. Семинар соңында университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Б.Садықов «Сана Сезім» ҚБ-і қызметкерлеріне алғысын білдіріп, студенттерге аталмыш тақырыптың қазіргі таңдағы маңыздылығын айтып, алдағы уақытта қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша студенттерді әрдайым хабарда болуға, осындай семинар, тренинг сияқты ақпараттық іс-шаралардан қалмауға және жиі өткізіп тұруға шақырды.

Ntime.kz