Тазалық акциясы аясында жастар киелі орындарды абаттандырды

Тазалық акциясы

Республикалық «Киелі мекен» тазалық акциясы Шымкент қаласының әр елдімекенін қамтып, ескерткіштер мен саябақтар абаттандырылып жатыр. Бүгінгі күні «Алтынтөбе», «Абай» саябағы, «Қабанбай батыр», «Қапал батыр» ескерткіштерін және «Мірәлі баба» кесенесінде тазарту жұмыстары жүргізілді.

 «Мірәлі баба» кесенесінің тазалық жұмыстарын жүргізуге 50 жұмысшы және 2 техника жұмылдырылған. “ «Мірәлі баба»аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кесене аумағының тазалық жұмыстарына ауданның ақсақалдары, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері белсенді атсалысып қатысты. Жалпы бұл аудан тұрғындары әр апта сайын ерікті түрде жиналып, кесенеге тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады. Арнайы техникалар мен мамандарда алдағы уақытта келіп жұмыстар жасайтын болады”, — дейді Қаратау аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекарыс Бахадыр.

Айта кетейік, Мірәлі баб кесенесі ежелгі Сайрамның көне құрылыстарының бірегейі. Жергілікті тұрғындардың бұл ескерткішті күтіп ұстауы арқасында бастапқы кейпі болмаса да, біздің уақытымызға дейін сақталған. Әрине, бірнеше жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аумағы 9,8х6,4 м, күмбезінің биіктігі 9 м кесене төрт бұрышты портал-күмбез түрінде салынған, ішкі құрылымы аркалы қабырғалардан тұратын шаршы үй. Мойындығы мен күмбезін қасбетке қаратылған кірпіш белдеу бөліп тұр. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған.

«Киелі мекен» науқанына бұдан бөлек, қала мешіттері де қосылды. Қаламыздың бас мешітіндегі тазалық жұмыстарына имамдар, медресе шәкірттері, мешіт жамағаты ат салысты. “ Мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» республикалық акциясын Шымкент қаласындағы мешіттер ұжымы да қолдап, аптасына 3 рет тазалық жұмыстарын өткізіп жатыр. Пайғамбарымыздың (оған Аллахтың игілігі мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы» деген сөзі бар. Сондықтан тазалықты ең бірінші өзімізден, отбасымыздан, тұратын үйімізден, ауламыздан бастауымыз керек. Айналамызда тазалық сақтау діннің жартысын орындағандай болып есептелінеді. Сондықтан барша қала тұрғындарын осы акцияға ат салысуға, жалпы өмірімізде тазалыққа ұмтылуға шақырамын”,—деді қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов. Айта кетейік, бас имамының айтуы бойынша қаладағы 92 мешіттің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілуде.