Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Нүсіпова Әсем Бекқызы тағайындалды.
Әсем Нүсіпова 1975 жылы 1 мамырда Алматы қаласында туған, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша магистратура мен аспирантураны бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент қызметінен бастаған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы болып тағайындалды, 2002-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер Орталығы секторының меңгерушісі қызметін атқарды.
2003-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кеңесшісі, ЕурАзЭҚ хатшылығы жанындағы Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі ұйымдастыру-сараптама тобының (қоса атқарушы бойынша) кеңесшісі. Сондай-ақ 2005 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі, Премьер-Министр кеңесшілері тобының жетекшісі болды.
2006 жылы – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Жиынтық талдау бөлімінің меңгерушісі.
2007 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымында болды, кейін 2016 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2016-2019 жылдар аралығында Әсем Нүсіпова Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы лауазымында, соңғы атқарған қызметі — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі (2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы ақпанға дейін).
Алматы қаласының әкімдігі Баспасөз орталығы