Қалада азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жұмысы күшейтілді деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі баспасөз орталығы.
Бүгін қала әкімдігі «Цин-Каз» ЖШС-нің өндірушісімен және «Немецкий Двор» (Беккер и К) дүкендер желісімен «әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендету және сауда қосымшасын сақтау бойынша» бірқатар меморандумдарға қол қойды.
Жасалған келісімдер аясында өндірушілер өнімдерінің сату бағаларын бекітеді, сонымен қатар сауда желілері заңнамада белгіленген 15%-дық үстеме бағадан асырмауға міндеттенеді. Келісімдер 2021 жылдың І-ІІ тоқсандарында да күштерін жоймайды.
Жалпы, бағаны ұстап тұру туралы ұсынысқа 36 азық-түлік тауарларын өндірушілері мен қаланың 10 сауда желісі үн қосты. Олардың арасында «Солнечный сүт зауыты» ЖШС, «Маслодел» сауда желілері – METRO, Skif Trade, Magnum, SMALL және басқалары бар.
Еске салсақ, бүгінгі күні жеңілдетілген несиелер аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары келісілген баға бойынша Magnum (17 атау) және Тoimart (12 атау) сауда желілерінде сатылуда. Мысалы, күрішті 275 теңгеге, кеспе түрлерін 199 теңгеге, қантты 249 теңгеге (барлығын салмақтарына қарай) сатып алуға болады.
Айта кетерлігі, Алматыда 30 күн аралығында жұмыртқаның шектік бағасын 487 теңге көлемінде ұстау жоспарлануда. Қаулы қазір НҚА-ның ашық сайттарында талқылануда.