Аппарат отырысы: қаланың өзекті мәселелері қаралды

Аппарат отырысы

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен қала әкімдігінде кезекті аппарат отырысы өтті. Күн тәртібінде қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарына дайындық, көше жарығын жаңарту және бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды.

Жиынды ашқан мегаполис басшысы әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан кейбір көшелерге жаңадан төселген асфальттың қайта қазылатыны туралы шағымдар жиі айтылатынын атап өтті. Қала әкімі бұл жағдайдың мердігер ұйымдардың жауапсыздығынан және тиісті бақылаудың болмауынан туындайтынын сынға алды.

– Мұндай фактілер тұрғындардың әділ наразылығын тудырады әрі қаланың имиджіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан жаңадан жөнделген жолдардың қайта бұзылмауы үшін барлық жөндеу және коммуналдық қызметтер өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Әрбір мердігер компания өз жұмысының сапасына кепілдік беріп, жолды дер кезінде қалпына келтіру бойынша міндеттемелерді толық орындауы тиіс, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков әрбір факті бойынша тексеру жүргізуді және кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды.

Отырыс барысында Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Білқайыр Оңғар қысқы маусымға дайындық барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, мегаполистегі автожолдарда қар тазалау жұмыстары 29 бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл жұмыстарға 243 арнайы техника және екі мыңға жуық коммуналды-техникалық қызметкерлер тартылмақ.

Жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 көшенің қарын тазалау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жолдардың көктайғақ болмауы үшін 15 мың тоннадан астам тұз және 25 мың текше метр құм дайындалған.

Қала басшысы жауапты басқармаларға және аудан әкімдіктеріне қысқы дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтап, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтердің тәулік бойы кезекшілік кестесін ұйымдастыру және тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету қажеттігін атап өтті.

Аппарат отырысының қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді. Қала әкімдігі тарапынан барлық жұмыстардың сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстау жоспарланып отыр.