Украина мемлекетінің Харьков қаласында панкратионнан өткен әлем чемпионатынан арыстық арулар жүлделі оралды. Қазақстанның көк байрағын дүниежүзілік додада желбіреткен арыстық спортшы аруларды жерлестері қалаға кіреберістегі Дендроссаябақта зор қошеметпен қарсы алды.Күтіп алу рәсіміне Арыстық спорт жанкүйерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Барыс ӘПК, жас спортыларшылар және ARYS FIGHT аралас жекпе-жек клубының мүшелері қатысты. Естеріңізге сала кетейік, Украина мемлекетінің Харьков қаласында 2021 жылдың 15-19 қараша аралығы панкратион спорт түрінен Әлем чемпионатында әлімнің түпкір-түпкірінен кіл мықтылар жиналып, тартысты жекпе-жек өткізген болатын. Байрақты бәсекеде арыстық үш бірдей батыр қыздарымыз жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, Жақсылық Ақжүніс 2-ші орын алса, Әділ Медина мен Ергентай Аяжан 3-ші орын иеленді.Спортшылар ерекше құрметпен қарсы алған жерлестеріне алғыс білдіріп, бұл жеңістерін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойына арнайтындықтарын жеткізді. Олардың ендігі арманы – панкратионнан әлем чемпионы атану.Спортшы қыздарымызды кезекті жүлделерімен құттықтаймыз! Тәуелсіз еліміздің көк байрағы асқақтай берсін!
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі