Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» атты рухани, мәдени іс-шара өтті. Шараға келген қонақтар өлкетану бағыты бойынша жасақталған кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ Түркістанды танытатын бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
Алдымен Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының ыстық ықыласын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев әдеби сапардың мақсаты мен басқосудың мән-жайына тоқталып, мазмұнды шараны өзі жүргізіп отырды.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Зиялы қауым өкілдері осы бағытта өз пікірлерін білдірді.
Алғаш болып сөз алған қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Түркістанда қолөнерді дамытуды, қолөнершілерді шақыртып жағдай жасауды ұсынды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Түркістанның Қазақ хандығының астанасы болғандығын басты назарда ұстау керектігін алға тартып, кітап қорына өз үлесін қосатынын жеткізді. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев Түркістанды таныту мен насихаттауға жіті көңіл бөлінсе деп, ҚР Ұлттық ғылым академиясының филиалын қасиетті шаһарда ашуды ұсынды. Ал белгілі журналист Еркін Қыдыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы 2 ұлы оқиға – Астананың салынуы мен Түркістанның түлегенін тілге тиек етті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан Түркістан Қазақстан деген ұғымның баламасына айналғанын айта келе, қуғын-сүргінге қатысты кітабын сыйға тартты. Ал алаштанушы Ысқақ Қайрат Астанадан әлі де кітап жинап, жыл соңына дейін кітап керуенін ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы мен жас ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Батырхан Сәрсенхан да сөз сөйлеп, өз үлестерін қосты. Жалпы жиында Астаналық қаламгерлер кітапхана қорына 4 мыңға жуық кітап сыйға тартты.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Биыл облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласында болып жатқан жаңалықтарымен бөлісу, «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына кітап қорын қалыптастыру.
Бұған дейін Жамбыл облысы мен Алматы қаласында өткен әдеби-тағылымды шара алдағы уақытта Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі