Астана Опера» опера труппасының солистері, оркестр мен хор әртістері гастрольге аттанады. Танымал ұжым 28 қыркүйекте Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында қазақ әндері мен әйгілі ариялардан, аспаптық шығармалардан құралған мазмұнды Гала-концерт ұсынады. Балалар аудиториясы да назардан тыс қалған жоқ, жас театр сүйер қауым үшін «Музыка әлемі» қызықты концерті әзірленді.
Шымкент қалалық опера және балет театры тұрғындар арасында мәдени-эстетикалық құндылықтар қалыптастыруды жалғастыра отырып, 2024 жылдың қыркүйек айын Халықаралық музыка күніне арнағанын, осыған орай елордалық «Астана Опера» театрын өз сахналарында гастрольдік бағдарламамен өнер көрсетуге әдейілеп шақырғанын атап өтуіміз керек.
– «Астана Опера» мен Шымкент қалалық опера және балет театры өте тығыз шығармашылық байланыста. Осынау көрікті қалада біздің өз жанкүйерлеріміз бар және шымкенттік көрермендер біздің өнер көрсетулерімізді әрдайым жылы қабылдайды. Осыған дейін біздің балет труппамыз Шымкентте Михаил Фокиннің «Шопениана» романтикалық балетін таныстырған еді. Бұдан бөлек, опера солистеріміз, оркестр әртістеріміз бен дирижерлеріміз мұнда гала бағдарламалар мен қойылымдар аясында жиі өнер көрсетеді. Алдағы Гала-опера ұжымдарымыздың арасындағы жемісті мәдени қарым-қатынастың тағы бір жарқын көрінісі болмақ. Сондай-ақ біз қазан айында өз сахнамызда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызының өнер көрсетуін асыға күтудеміз, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. Сондай-ақ ол бүгінде қос театр да ұлттық опера дәстүрлерін қолдап, халқымыздың өнерін биікке шығаруға үлес қосып жүргенін атап өтті.
Көрермендер аудиториясының алдына «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш бастаған театрдың жарқын солистері шығады. Орындаушылардың құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, Жанат Шыбықбаев, сондай-ақ Гүлдана Алдадосова, Талғат Ғалеев, Болат Есімханов пен Талғат Аллабиринов бар.
Әртістер Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесін, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс сахнасы мен Сараның ариясын, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Абайдың ариясын, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің және Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигароның каватиналарын таныстырады. Сондай-ақ Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан Чио-Чио-Санның, «Тоска» операсынан Каварадосси мен Тосканың, «Богема» операсынан Колленнің, П.Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан Лизаның танымал ариялары осынау кеш бағдарламасына көрік береді. Бұдан бөлек, концертте А.Дворжактың «Су перісі» операсынан Су перісінің ариясы, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Гофман мен Олимпияның шумақтары, Дж.Вердидің «Травиата» операсынан «Үстел басындағы ән» («Brindisi») шырқалады. Мазмұнды бағдарламаға А.Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы…», М.Ержановтың «Қуанамын» әндері, театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен «Астана Опера» хорының орындауындағы Ж.Массненің «Таис» операсынан Méditation еніп отыр. Флейталар тобының концертмейстері Алексей Косыревтің интерпретациясындағы И.С.Бахтың Оркестрге арналған №2 сюитасынан «Менуэт» пен «Әзіл» де тыңдармандарды бейжай қалдырмайды. Концерт шымылдығы Е.Хасанғалиевтің көпшілік ұнататын «Атамекен» әнімен түріледі. Дирижер тұғырында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.
Дәстүрге сай, «Астана Опера» жасөспірімдер аудиториясын да назардан тыс қалдырған жоқ, олар үшін оқушыларды опера дауыстарының түрлерімен және музыкалық аспаптармен таныстыратын «Музыка әлемі» танымдық концерті әзірленді.
Өз кезегінде «Астана Опера» әртістері бұл гастрольді асыға күтуде, өйткені бұл шырайлы қалаға елорданың сәлемін жеткізуге және сүйікті көрермендермен қайта қауышуға керемет мүмкіндік болып табылады.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметі