«Астана – Щучинск»: сапа эталонына айналған алғашқы автобан

Астана – Щучинскdefault

Пайдалануға берілгеніне он алты жыл өтсе де, «Астана – Щучинск» автомагистралі еліміздегі ең сапалы жолдардың бірі болып қала береді. Бұл — Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі алғашқы автобан, оның құрылысы толыққанды ғылыми-техникалық сүйемелдеумен жүргізілген. Жолдың беріктігі мен ұзақ мерзімді қызметі дәл осы тәсілдің арқасында қамтамасыз етілді.

Жоба 2006 жылы басталып, бастапқыда көп күмән тудырған еді, оны салу мерзімі, технологиясы, жүзеге асуы жайлы сұрақтар көп болды. Алайда 2009 жылы ұзындығы 224 шақырым болатын жаңа жол елорда мен Бурабай курортын жалғап, пайдалануға берілді. Жолдың бір бөлігі цемент-бетонмен салынған, бұл технология сол кезең үшін нағыз жаңалық болатын. Бүгінде бұл бағытпен жыл сайын 4 миллионнан астам көлік жүріп өтеді, ал жол сапасы сол қалпында сақталып отыр.

Құрылыстың сәтті жүзеге асуына себеп болған басты факторлардың бірі —  көпдеңгейлі бақылау жүйесі. Мердігерлік зертханалар мен өңірлік құрылымдардан бөлек, жобаның ғылыми сүйемелдеуін «ҚазжолҒЗИ» АҚ жүзеге асырды. Институт мамандары жүздеген зертханалық сынақ жүргізіп, қоспа құрамдарын әзірлеп, жаңа технологиялардың енгізілуін қадағалап, инженерлерге әр кезеңде кеңес беріп отырды.

Цемент-бетонмен жабылған учаскелерді салуға Германияның GP Günter Papenburg AG компаниясы қатысып, озық техника мен арнайы швонарезка технологиясын енгізді. Алайда шешуші рөлді тек құрал-жабдық емес, қатаң технологиялық тәртіп пен қазақстандық ғалымдардың тікелей бақылауы атқарды.

Бүгінде магистральдің жақсы күйде сақталуы – осы кешенді сүйемелдеудің нәтижесі. Бұл жоба салалық қауымдастық үшін сәтті өткен бірегей сынақ болып тарихта қалды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл жолдың «халыққа әлі де жақсы қызмет етіп отырғанын» атап өтті.

«Астана – Щучинск» жолы инфрақұрылымдық жобаларда ғылыми-техникалық сүйемелдеудің қаншалықты маңызды екенін нақты көрсететін үлгі. Мұндай тәсіл еліміздің барлық жол құрылысында тұрақты тәжірибеге айналуы тиіс.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ  ресми өкілі Айнаева Адина