Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде аудан кәсіпкерлері бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырғаны белгілі. Мәселен ет өндірісімен айналысатын «Nurym Group» ЖШС тағы бір ерекше жобаны қолға алған. Енді мұнда түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске қосылады. Бұл жоба аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығына тың серпін береді деп күтілуде. «Nurym Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ауыл шаруашылығы саласында серпінді дамып келе жатқан компаниялардың бірі. 2015 жылы құрылған бұл кәсіпорын қазіргі таңда бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруда.
2024 жылы компания жаңа жобаны қолға алып, заманауи құрама жем зауытының құрылысын бастады. Зауыттың жалпы аумағы 7,25 гектарды құрайды. Құны 2,3 млрд теңге болатын зауыт жылына 46 мың тонна құрама жем өндіреді. Зауытта 10 адам жұмыс істейді. Бұл өнім мал бордақылаумен айналысатын жергілікті шаруашылықтар үшін аса маңызды. Сайрам ауданында 900-ге жуық шаруашылық мал бордақылаумен айналысады. Оларда 31 мыңнан астам ірі қара бар. Бұл шаруашылықтар жылына шамамен 250 мың тонна жем тұтынады. Жаңа зауыт іске қосылып шаруалардың жемге деген сұранысы біршама азайып, фермерлерге жемді тиімді бағада сатып алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, өнім бағасының тұрақтануына және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етеді.
Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәселесі де қолға алынбақ. Тағы бір маңызды жоба – ет өңдейтін зауыт. Зауыттың өзгелерден ерекшелігі, онда қасапханалардағы шикізат қалдықтарын терең өңдейтін орын қарастырылған. Құны 5,1 млрд теңгені құрайтын мал бордақылау алаңы жылына 10 мың тонна ет өндіреді. Онда 40 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдер ішкі нарық пен Өзбекстан еліне экспортталуда.