«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 96 қадамды іске асыру аясында «Ашық НҚА» бөлімі жұмыс жасайды.
«Ашық НҚА» порталы азаматтардың нормативтік құқықтық актілердің және заң жобалары тұжырымдамаларының жобаларын қарауға қатысуына мүмкіндік береді.
Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын орналастыру тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы №1120 қаулысымен бекітілген Қағидамен айқындалған.
Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталы (бұдан әрі – Портал) – жария талқылау рәсімін жүргізу үшін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзге де ақпаратты орналастыруды қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы.
Нормативтік құқықтық актілердің жобалары Порталда қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жария талқылау үшін Порталда орналастыру мерзімі он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
Барлық деңгейдегі бюджеттерді бекіту туралы шешімдер қабылдауды көздейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша жария талқылау үшін орналастыру мерзімі күнтізбелік бес күнге дейін қысқартылады.
Тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау), табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешімдер қабылдау туралы мемлекеттік комиссияның шешімдерін іске асыру үшін жария талқылау үшін орналастыру мерзімі күнтізбелік бір күнді құрайды.
Нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелерді және (немесе) ұсыныстарды «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген пайдаланушысы енгізеді.
Ақпаратты пайдаланушылардың жобаларды жария талқылау үшін әзірлеуші мемлекеттік орган белгілеген мерзімдер аяқталғаннан кейін келіп түскен ескертулері және (немесе) ұсыныстары қаралмайды.
Ескертулер және (немесе) ұсыныстар осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда оператор негіздемелерді көрсете отырып, жариялаудан бас тартады.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды және негіздемелерін көрсете отырып, оларды қабылдау не қабылдамау туралы қабылданған шешімді Порталда орналастырады.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдарда ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша көрсетілген мемлекеттік органдардың уәкілетті қызметкерлері орналастырылған жобаларды жария талқылау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жария талқылаудың аяқталғаны туралы есептің алдын ала нұсқасын қалыптастырады және Порталда жариялайды.
Порталда есеп жарияланған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар өздері айқындаған уақытта «on-line» режимінде жарияланған есепті ескере отырып, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қосымша талқылауды жүргізеді. Қосымша талқылау аяқталғаннан кейін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдардың уәкілетті қызметкерлері есептің түпкілікті нұсқасын қалыптастырады және Порталда жариялайды.
Шымкент қаласының Әділет департаментінің әкімшілік-құқықтық бөлімінің
бас маманы Н.Муслимова