«Аңсаған сәби» бағдарламасы өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді

Аңсаған сәби

Ntime.kz. Қазақ қоғамында бедеулік белең алып тұр. Бір ғана Шымкент қаласы бойынша 458 жұп бедеулікпен есепте тұр. Қазіргі медицинаның мүмкіндіктері әйелдер ағзасының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, бедеулікпен күресуге мүмкіндік береді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2021 жылдан бастап 351 әйел ана атанып, 403 бала дүниеге келді. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Қала әкімінің орынбасары – комиссия төрағасы Сәрсен Құранбектің жетекшілігімен өткен мәжіліске басқарма басшылары мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының іске асырылуы, ана мен бала денсаулығы, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселелері де сөз болды.
«Ана мен баланы қорғау кез келген елдің денсаулық сақтау саласының басым бағыты болып табылады. Әйел – қоғамның басты ресурсы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әйелдердің денсаулығын сақтауда әлеуметтік және медициналық салаларда қаншама істер атқарылғаны белгілі. Әйелдердің репродуктивті немесе бала туу жасындағы денсаулығы тек әйелдердің өздеріне ғана емес, сонымен қатар келесі ұрпақтың денсаулығы мен дамуына да әсер етеді. Әйелдің табиғат берген ең басты қызметі – ана болу бақыты», – деді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева баяндамасында.

Басқарма өкілінің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2024 жылға 441 квота бөлініп, осы уақытқа дейін 427-сі берілген. Өткен жылы 429 квота бөлініп, 339-ы игерілген. Дегенмен, 90 квота бөлінген клиникалар басқа қалаларда орналасқандықтан, квота алушылардың жағдайына қарай кері қайтарылған. Бүгінге дейін 339 ота жасалып, 155 әйел жүкті болып, 43 әйел босанды, оның 5-і дүниеге егіздер әкелді. 166 ота сәтсіз аяқталған.
Соңғы он жыл ішінде елімізде туабітті даму ауытқулары бар балалардың туылуы жиілеген. Туабітті және тұқым қуалайтын аурулар нәресте өлімінің негізгі себептерінің бірі. Жыл сайын елде 400 мыңнан астам бала дүниеге келсе, оның 1 пайызы ұрықтың туабітті ақауларымен туады. Сондықтан балалардағы мүгедектікті ерте диагностикалау және профилактика жүйесін құру ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр.