Балалардың күлкісі – басты мақсат: «Қаратау» ҚММ ойын алаңдарын жаңартты, қауіпсіздік пен жайлылық басымдыққа ие болды

Балалардың күлкісі

Шымкент қаласы, Қаратау ауданында жаз айларында балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (ҚММ) аудан аумағындағы бірқатар ойын алаңдарының ескірген жабдықтары мен тозығы жеткен жабындарын жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстарды бастап кетті. Бұл бастама аудан тұрғындары, әсіресе, жас ұрпақтың игілігіне қызмет етуді көздейді.

Жаз – балалар үшін ерекше қуаныш сыйлайтын кезең. Алайда, аудан аумағындағы кейбір ойын алаңдарының тозығы жетіп, жарақат қаупін тудыратыны байқалуда. Мұндай жағдайлар ата-аналардың алаңдаушылығын арттырып, балалардың ойын-сауығына кедергі келтіруі мүмкін. Осыған орай, «Қаратау» ҚММ өздерінің негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық кеңістіктерді жақсарту және халықтың әл-ауқатын арттыру аясында ойын алаңдарын жаңғырту жұмыстарын қолға алды.

Жаңашылдық – қауіпсіздік пен жайлылыққа жол ашады

Бұл жаңғырту жұмыстарының ең басты ерекшелігі – ескі, ескірген төсемдердің орнына заманауи материалдардың қолданылуы. Бұл материал балалардың қауіпсіз ойын ойнауы үшін қажетті барлық талаптарға сай келеді.

«Бүгінгі таңдағы біздің басты басымдығымыз – балаларымыздың қауіпсіздігі. Ескі ойын алаңдарындағы жабындар, әсіресе, жаңбырдан кейін немесе ыстықта тайғақ болып, жарақат алу қаупін тудыратын. Тартан төсемдері бұл мәселені түбегейлі шешеді. Ол жоғары серпінді, соққыны жұмсартатын қасиетке ие, яғни балалар құлап қалған жағдайда, ауыр жарақат алмауға мүмкіндік береді», – дейді жауаптылар.

Сонымен қатар, тартан төсемдері су өткізгіштік қасиетімен ерекшеленеді. Бұл ойын алаңдарының жаңбырдан кейін тез кеуіп, балалардың кез келген уақытта ойнауын жалғастыруына жағдай жасайды. Экологиялық тазалығы мен гипоаллергендігі де бұл материалдың артықшылықтары қатарына жатады.