Тәрбие тал бесіктен. Қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыруда тәрбиенің маңызы үлкен. Жақсы тәрбие алған бала құқық бұзушылыққа бармайды. Бала тәрбиесі ата-анаға жүктелген міндет.
Түркістан қаласы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде оқу-тәрбие жұмысының жылдық жоспарына сәйкес «Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз — ата-ана» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы болып өтті. Жиналыстың мақсаты: мектеппен ата-ана ынтымақтастығын нығайта отырып, ата-аналарды бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауға шақыру, тәрбиенің ең тамаша жері — отбасы екенін, олардың бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін және бүгінгі заман талабынан шығатынын дәлелдеу. Мектеп директоры Дийметова Дильбар Абдуразакқызы балалардың сапалы біліммен қатар саналы тәрбие алуы үшін ұстаздардан бөлек ата-ананыңда орны мен рөлі айрықша екеніне тоқталды. «Ұл қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеп, бірлесе ынтымақтаса әрекет етейік. Сондықтан өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына қоғам болып үлес қосу әрдайым бірінші кезекте тұруы қажет. Мектептің ішкі тәртібі туралы, соның ішінде балалардың ұялы телефон қолдануына тыйым салу, сабаққа кешікпеу туралы айтылды. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, мектептің тәртібіне бағыну міндеті қойылды. «Бес терек» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар ата-аналарға таныстырылды. Алдағы уақытта ата-аналарға «Мектептегі бір күн» жобасы әр аптаның сәрсенбі күні ұйымдастырылатыны ескертілді. Мектеп ұжымы жиналысты ерекше дайындықпен ұйымдастырды. Концерттік бағдарлама, «Жас сүретшілер» галереясы, пәндік көрмелер, үйірме жұмыстары ата-аналарға ой салды. Кері байланыс жасалынып ұсыныстар мен тілектер айтылды.
Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілік пен жүрек жылуын алатынын ұмытпайық!
Ntime.kz