«Бастауыш сыныптарда анимациялар арқылы мемлекеттік тілді жетік меңгерту»

Бастауыш

Сайрам аудандық білім бөлімінің «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» тақырыбындағы онкүндік жұмыс жоспарына сәйкес, Ибрагим Ата атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сыныптарында «Бастауыш сыныптарда анимациялар арқылы мемлекеттік тілді жетік меңгерту» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары өткізілді.

Мақсаты — сабақтарда анимацияларды пайдалану арқылы мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру, мұғалімдердің ғылыми әдістемелік және шығармашылық ізденісін жетілдіру.

Тәжірибе алмасу бағытында өткен семинарға Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының әдіскері Ж.Жолдасбекова, Сайрам аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова, бөлім әдіскері Ж.Шадманов қатысты.

Семинардың ашылуында мектеп директоры Ф.Исмайлова ашып, мұғалімдерге сәттілік тіледі.

Келесі сөз кезегінде орталықтың әдіскері іс-шараның мақсат-міндеттерін түсіндірді.

Бағдарламаға сәйкес, мектептің педагог-психологы Г.Мавланкулова қатысушылармен психологиялық тренинг ұйымдастырып, жағымды көңіл-күй қалыптастырды.

Білім ұясының ұстаздары жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдерін шебер қолданып, балалардың мемлекеттік тілді білу деңгейін ашық сабақтары арқылы көрсетті. Атап айтқанда, Д.Курбаналиева, Н.Сайипова, З.Кежабаева, М.Мухаммедова және С.Бегметова.

Мұнан кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ф.Беглярова «Бастауыш сыныптарда анимациялар арқылы мемлекеттік тілді жетік меңгерту» тақырыбында шебер сынып өткізді.

Дөңгелек үстелмен жалғасқан семинар өз мақсатына жетті. Анимациялар арқылы тілді үйрену білім алу үрдісін жеңілдетіп, мемлекеттік тілді жетік меңгеруге оң әсерін тигізіп отырғаны байқалды. Сабақ барысында балалардың қызығушылығы басым болып, шығармашылық қабілеттері дамығаны сезілді. Жалпы айтқанда, анимациялармен жұмыс жүргізудің тиімділігі жеткізілді.

Аудан ұстаздары облыстық білім беру ұйымдарынан келген мұғалімдермен озық тәжірибелерімен бөлісті. Тақырып аясында қатысушылар тарапынан маңызды ұсыныс-пікірлер мен алғыстар айтылды.