Бүгін Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді. “Көрме” орталығында өткен бүгінгі қабылдауға 200-ден астам азамат жазылып, өтініштерін білдірді. Халық негізінен тұрғын үй, жер кезегі сияқты түрлі әлеуметтік және инфрақұрылым мәселелеріне қатысты талап-тілектерін жеткізді. Әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдерімен қатар қаланың прокуратура, полиция өкілдері тұрғындардың түрлі өтініштерін тыңдады.
Қала басшысы халықтың талап-тілектерін жіті зерделей келе бірқатарын қабылдау кезінде орындады. Сондай-ақ азаматтар тарапынан түскен өтініштердің барлығы да заң аясында шешілетінін жеткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ қабылдауға келген тұрғындарға түрлі салаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары туралы тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бірыңғай қабылдауға egov.kz, e-otinish порталдары арқылы жазылуға болады.