Биылғы жыл бірнеше мерейлі датаға толы екені белгілі деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен бірге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, малшылардың маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Айтулы даталарды тойлаудың ісшаралар жоспары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында қаралып, кеңінен сөз болды. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Елан Жүнісбай Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасап, іске асырылатын ісшаралар легі туралы баяндады. Басқарма басшысы алдағы уақытта Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың алып жыршысы» деректі фильмі әзірленетінін, Иран Ғайыптың драмалық шығармасы сахналанатынын, «Жамбылдың салған даңғылы» атты жинақ шығатынын, оған тың дүниелер енетінін айтып өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде Жамбыл облысының Алматы облысындағы және Алматы облысының біздің өңірдегі мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізу мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқанына да тоқталды. – Аудан әкімдері де Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өтуге атсалысулары керек. Елімізде Жамбыл атындағы аудан біздің өңірде бар ғой. Одан бөлек бізде бірнеше ауылдық округ, 83 көше бар екен. Сондықтан бұл мерейтойдан ақын атындағы өңірлер де сырт қалмасын,- деді Бердібек Сапарбаев басқарма басшысына қаратып. Бұдан соң Жазылбек Қуанышбаевтың 175 жылдығына арналған ісшаралар жоспарының орындалу барысы тақлыланды. Бұл туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов баяндама жасады. Ол өз сөзінде барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын толыққанды айтып берді. Сондай-ақ облыстық БАҚ-та арнайы айдарлар ашылып, мақалалар беріліп, сюжеттер тұрақты түрде көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Ж.Қуанышбаевтың мерейтойы аясында туған жері Мойынқұм жерінде де көптеген ісшаралар, спорттық жарыстар өткізілетінін сөз етті. – Облыстық деңгейдегі ісшаралар уақтылы орындалуы тиіс. Жаңа оқу жылында оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесін ел егемендігінің отыз жылдығымен сабақтастырып, сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын назарға алып мектептерде жұмыстар жүргізу керек,-деді аймақ басшысы өз сөзінде. Сондай-ақ ол Тараз қаласынан Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілетін көше мәселесін де сұрады. Өз кезегінде Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова тиісті жұмыстар жүргізілгенін, республикалық ономастикалық комиссияның отырысын күтіп отырғанын жеткізді. Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков өз ұсыныстарын жеткізді. Одан бөлек аудан әкімдері де бұл мерейтойлық іс-шаралардың лайықты түрде өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді. Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың 85, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметованың 75 жылдық мерейтойларын облыстық, республикалық деңгейде атап өту жұмыстарына да айрықша назар аудару керектігін еске салды.