Құрметті ұстаздар, білім саласының қызметкерлері! Қымбатты оқушылар, студенттер және ардақты ата-аналар!
Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – жүректерді толқытып, әрбір жанның есінде мәңгі сақталатын ерекше мереке. Алғашқы қоңырау үні балаларымыздың білім жолындағы алғашқы қадамын нықтай түсіп, жарқын болашаққа бастайтын асқақ арманның есігін айқара ашады. Бүгін қалада шамамен 27 000 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдарығын аттағалы отыр.
Мұғалімдердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Көптеген мамандықтар бар, бірақ ұстаздық – жүрекке ең жақын, рухани биіктікке жетелейтін қасиетті қызмет. Сіздердің білім нәрімен сусындатқан шәкірттеріңіз ертеңгі күннің кемел тұлғаларына айналады. Ұстаздыққа деген адалдықтарыңыз бен ізгі ниеттеріңіз үшін алғысымыз шексіз.
Қымбатты ата-аналар, сіздерді де жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – сіздер үшін де жаңа бастаманың, жаңа мақсаттардың кезеңі. Балаларымыз – біздің бақытымыз, үмітіміз және болашағымыз.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және жаңа оқу жылында тек сәттілік тілеймін. Биылғы оқу жылы баршаңыз үшін жемісті, білім мен жаңалықтарға толы болсын! Білімнің шыңына жетелейтін жолда жаңа жетістіктерге жетіңіздер!
Білім күні құтты болсын!