Қазақстанда тұтас қазақ елі мен ондағы этностардың бірлігін айғақтайтын күн – 1 Мамыр күні. Бұл мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, 1996 жылдан бастап кеңінен аталып өтіледі. «Мерекелер туралы» ҚР Заңында ол мемлекеттік мәртебеге ие, сол себепті бұл күн елде ресми түрде демалыс күні деп бекітілген. Елімізде бұл мерекенің пайда болуына халқымыздың ұлттық құрамының ерекшеліктері мен өзгерістері бірден-бір себеп болған-ды. ХХ ғасырға дейін республика көлемінде қазақтар басым болса, соңғы он жылдықтарда ел аумағына түрлі себептермен өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанып, тұрақтап қалды.
Кеңес заманында 1 мамыр жұмысшылардың өз құқықтары үшін күресін дәріптеу мақсатында, жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні ретінде аталып өтті және бұл күні барлық жұмысшыларға құрмет көрсетілді. Тәуелсіз Қазақстанда еңбекшілердің ынтымақтастығы мерекесі жаңа сипатқа ие болды. Ол елдің тарихи ерекшелігін — оның көпұлтты құрамын көрсететін, бейбіт елде ұлттар мен ұлыстар татулық пен бірлікте өмір сүре әрі дами алатындығын насихаттайтын айтулы күнге айналды. 1995 жылы Мемлекет басшысы төрағалық ететін, әлемнің басқа бірде-бір елінде кездеспейтін, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Елімізде тұратын басқа этностардың барлық топтары өздерінің ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, өзіндік ерекшелігін сақтауға мүмкіндік алды, бұл әрбір халықтың дамуы үшін өте маңызды. Үшінші мегаполис — Шымкентте бүгінде 17 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олардың арасындағы бауырмалдық, өзара тығыз байланыста араласу, еңбектену үрдісі ізін алып келе жатқан жастар қанатына үлгі. Мұның өзі келешек ұрпақтың бойына татулық пен ынтымақтың мақсатын ұғындырып, санасына сіңіруге негіз болады. Бұл қоғамдық ұйымдар барлық этностардың одан әрі бірігуіне, достық пен келісімде бірге өмір сүруіне қызмет етеді. Ұлттық мәселені дұрыс шешу ауыр ұлтаралық қақтығыстарды болдырмауға көмектеседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында күні бүгін өткен ХХХІІ сессиясында Ассамблеяны мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт деп атады.
«Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт»- деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажеттігін нақтылады. Бұл жұмыстың ауқымды реформалармен үндес болуы керектігін айтты. «Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде.
Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс. Қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Жаңа басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналды. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте, этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы бір бауырлас азаматтармыз». Президент осылай түйіндеді.
Мамырдың мамыражай мерекесі — еліміздің тұтастығы мен ырыс-ынтымағының белгісіндей. Татулық пен өзара сыйластық, түсіністік дәстүрлері халқымыздың сана-сезімінде берік орныққан. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бұл қасиеттер берекелі өмірдің, бейбітшілік пен келісімнің өзегі екені де рас.
Мемлекетімізді жан-жақты жаңғыртуға әр Қазақстандық өз үлесін қосуы керек.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болсын!
Зәуре Оралбаева — қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі