6 министрлікке қосымша құзырет берілуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған «ҚР Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Үкімет қаулысында жазылған.
Құжатқа сәйкес, енді ведомстволарға мынадай қосымша құзырет берілмек:
Қаржы министрлігіне:
- әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын бірыңғай төлемді төлеу, аудару және бөлу, сондай-ақ қайтару тәртібін келісу.
Мәдениет және спорт министрлігіне: - жастарды мәдени ағартуды және олардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру;
- мәдениет мәселелері жөніндегі жастар бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, оның іске асырылу мониторингін және нәтижелерін бағалауды жүзеге асыру.
Денсаулық сақтау министрлігіне: - әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын бірыңғай төлемді төлеу, аудару және бөлу, сондай-ақ қайтару тәртібін келісу.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне: - шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру тәртібін бекіту;
- жастарды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, оның іске асырылу мониторингін және нәтижелерін бағалауды жүзеге асыру;
- уақытша бос жүрген жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне: - жастармен жұмыс жөніндегі мамандардың үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша бекіту;
- жастар еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қызметіне мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша бекіту;
- жастардың даму индексін енгізу мен қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту;
- жастар арасында этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту жөнінде түсіндіру жұмысын жүзеге асыру.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне: - әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын бірыңғай төлемді төлеу, аудару және бөлу, сондай-ақ қайтару тәртібін келісу.
Қаулы 1 ақпанға дейін көпшілік талқылауда болады.