19 наурызда өтетін сайлауда бір кандидат Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттығына да бағын сынай алады. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов айтып берді.
Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында «Сайлауда бір үміткер Мәжіліс және мәслихат депутаттығына қатар бағын сынай ала ма?» деген сауал қойылды.
Тілші сұрағына ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов жауап берді.
«Бір үміткер екі мандат бойынша да сынға түсе алады. Егер Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде түсіп жатса, сонымен қоса мәслихат депутаттығына да қатар бағын сынай алады. Бірақ, кандидат екітүрлі емес, бір ғана округтен түсуі тиіс. Бұл мәселе заңда көзделген», — деді Шавкат Өтемісов брифингі барысында.
Одан әрі егер кандидат депутат атанған жағдайда қайсысына барады деген мәселе көтерілді.
«Егер үміткер Мәжіліс пен мәслихатқа қатар өткен жағдайда, қайсысына депутат болуды таңдау оның өз еркінде. Яғни шешімді сайланған азамат өзі таңдайды, бұл заңға қайшы емес», — деп түсіндірді ОСК мүшесі.