Кеше 7-ші сайланған Парламенттің Мәжілісі таратылды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы Жарлығымен келесі Мәжіліс депутаттарын сайлау науқаны 19 наурызға белгіленіп отыр.
Биліктің өкілді органдарын жаңарту, Мәжіліс пен мәслихаттарды құрудың жаңа қағидаттары атқарушы вертикалды – Үкімет пен әкімдіктерді кешенді қайта құрумен тығыз байланысты. Алдағы уақытта Үкімет құрамына көпшілік дауыс алған партияның өкілдері ғана емес, басқа парламенттік партиялардың өкілдері де енетін болады.
Бұған дейін, яғни жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болғаны белгілі. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр.
Сонымен өткен жылы түзетулер енгізілген Конституциямызға сәйкес, Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл.
«Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады», — деген еді кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мәлімдемесінде.
Мәжіліс депутаттарының бұл сайлауында мұнан да өзге өзгешеліктер бар. Нақтырақ айтар болсақ, елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап та түбегейлі өзгерді десек болады. Айталық, бұған дейін партия құру үшін оған мүше азаматтардың саны 20 мың болу тиіс болса, реформадан кейін ол шек 5 мыңға дейін қысқартылды.
Тағы бір өзгеріс партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің мүшелеріне қатысты. Яғни, бұған дейін партия құру үшін әр өңірде кемінде 600 жақтасың болу шарт еді. Ал қазір 200 адам партияңызды қолдаса, саяси ұйымның тіркелуіне жеткілікті. Дәл осы мүмкіндікті бірқатар саяси белсенді қолданып та үлгерді. Бұған дейін елімізде Amanat партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы белсенділік танытса, ендігі уақытта олардың қатары «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясымен Respublica партиясымен толығып отыр.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атап өткендей, сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі де өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам.
«Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады», — деп атап өткен еді Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында алдағы Мәжіліс сайлауы туралы айтылғанын ерекше атап өту қажет. Осылайша, белгіленген 2 айдың орнына ұйымдар мен өзін-өзі ұсынушыларға үгіт-насихат жұмыстарын бастау үшін іс жүзінде көбірек — жарты жылға жуық уақыт берілді.
Рамилия МУСТАФАЕВА,
Түркістан облыстық «Гарабах» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі