Сайрам ауданының спортшылары  Венгрияда ауданымыздың мерейін асырды

Венгрияда

Қазіргі таңда елімізде спорт саласына үлкен көңіл бөлініп, қарыштап дамып келеді. Спорттық жетістіктер жастарымыздың бойында патриоттық сезімді оятып, үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейді. Әсіресе шет мемлекетке жарыстарға барғанда жеңіске жеткен сәтте кеудені қуаныш сезімі кернейді. Бұл бір –ұлы сезім. Бұл сезім жастарды алға жетелейді, үлкен шыңдарды бағындыруға үлес қосады.

Осы тұста Сайрам ауданының спортшылары Венгрия мемлекеті, Будапешт қаласында кикбоксинг спорт түрінен өткен Әлем чемпионатында 2 алтын, 2 қола алып келді. Атап айтқанда, Музаффарбек Каримов пен Бақытжан Серікбаев қарсыласқа шақ келтірмей, І орын алса, Абдуқадыр Ирискулов пен Олимжан Мадикаримов ІІІ орынға ие болды.

Аудан абыройын асырған спортшыларды аудандық мәдениет және өнер, тілдерді дамыту және спорт, денешынықтыру бөлімінің басшысы Дәулет Алашбаев арнайы құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Бұл спортшыларымыз бұған дейін бірқатар жеңіс белестерін бағындырған. Анығын айтқанда, Музаффарбек Каримов – кикбоксинг спорт түрінен ҚР чемпионы, Азия чемпионы, Әлем кубогінде II орынға ие болған. Қазіргі таңда Әлем чемпионы. Ал, Олимжан Мадикаримов кикбосинг спорт түрінен ҚР чемпионы, Азия чемпионы атанған. Бүгінде Әлем чемпионатында ІІІ орынға ие болды.

Бұл қос спортшының жаттықтырушысы Ифтихор Джамалов біліктілігі жоғары спорт шеберлерінің бірі. Сондай-ақ, Бақытжан Серікбаев кикбоксинг спорт түрінен ҚР чемпионы, Азия чемпионы, қазіргі таңда Әлем чемпионы атанды. Ирискулов Абдуқадыр — кикбоксинг спорт түрінен ҚР чемпионы, Азия чемпионы, қазіргі таңда Әлем чемпионы атағына ие болды. Бұл екеуін жарыс жолындағы әлемдік додаларға Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Нұрбек Құрмашев дайындады.

Салтанатты шара барысында спортшыларымызға аудан басшысының жүрекжарды лебізінен соң естелікке сый-сыяпаттар табысталды.