Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Аудан аумағында күнбағыс майын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталды. Бұл жоба жергілікті экономикаға тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызады.
Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округіндегі индустриалды аймақта қуаттылығы тәулігіне 45 тонна күнбағыс майын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, зауыттың қазіргі жай-күйімен танысты.
Бүгінде зауыт ғимаратының кірпішін қалау жұмыстары мен инфрақұрылым тарту шаралары жүргізілуде. Зауыт үш цикл бойынша жұмыс істейді деп күтілуде. Мұнда күнбағыс майын өндірумен қатар, құнарлы мал азығын да шығару жоспарланған. Нысанды биылғы жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Жоба «Альбаракад 077» ЖШС инвестициясымен жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 800 миллион теңге.
Сарыағаш ауданы мен оның маңындағы ауылдарда күнбағыс егуге қолайлы жерлер көп. Жаңа зауыттың ашылуы – жергілікті диқандар үшін үлкен мүмкіндік. Олар өсірген күнбағысты енді алысқа апармай-ақ, аудан аумағында өткізе алады.
Жобаның негізгі мақсаты — ішкі нарықты сапалы, отандық күнбағыс майымен қамтамасыз ету, сондай-ақ болашақта экспорттық бағытты жолға қою.
Айта кетсек, бұл жоба аудан экономикасын дамытуға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының қатары артпақ.
Сарыағаш ауданында күнбағыс майын өндіретін зауыттың салынуы — өңірдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам. Бұл жоба тек экономикалық тиімділік беріп қана қоймай, жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға, ауыл шаруашылығын ынталандыруға және өндірістік инфрақұрылымды күшейтуге ықпал етеді.