Отырарда жылына 10 мың тонна дақыл дайындайды

дақыл

Қазіргі таңда Отырар ауданындағы «Отырар-Дән» жүгері кептіру және сақтау кәсіпорнында 180 тонна өнім жиналған. Жалпы 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны 2015 жылы жұмысын бастаған. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өңір экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, шаруашылықты дамыту бағытындағы жоспарларын тыңдады. Қарғалы ауыл округінде орналасқан кәсіпорын жылына 10 мың тонна дақылды кептіріп, сақтауға қауқарлы. Кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан, сақтау құрылғылары Қытайдан арнайы алған.

Мұнан соң аудан басшысы «Таймас-2024» ЖШС-ң су үнемдеу технологиясын енгізе отырып мақта дақылын өсіру жобасымен танысты. Шаруашылық төрағасы тамшылатып суғару құрылғыларын шет елден арнайы алдырып, 500 гектар жерге элиталық «Жинг Кай НО-9» мақта тұқымын еккен. Қуаттылығы 1500 тоннаны құрайтын жоба аясында 20 адам жұмыс істейді.