Дендросаябақта жаңа ойын және спорт алаңшалары орнатылуда

Дендросаябақта жаңа ойын және спорт алаңшалары орнатылуда

Шымкент қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімі бастамасымен және BI Group компаниясының демеушілігімен А. Аскаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында жаңа ойын және спорт алаңшалары орнатылып жатыр.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Саябақ аумағында балаларға арналған заманауи ойын алаңшалары, ересектерге арналған спорттық тренажерлер алаңы орналастырылуда. Бұл шағын архитектуралық нысандар саябақтың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.

Ерекше атап өтерлігі, орнатылып жатқан ойын алаңшалары арасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы жабдықтар да қарастырылған. Бұл – қалада инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Арнайы алаңшалар арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалар өз қатарластарымен бір ортада ойнап, дамуға мүмкіндік алады.

Жаңа алаңшалар ең соңғы қауіпсіздік талаптарына сай жасалған. Құрал-жабдықтар сертификатталған, сырғанақтар мен әткеншектер балалардың жарақат алмауы үшін жұмсақ қаптамамен жабдықталған. Ал спорттық тренажерлар тұрғындардың барлық жас санатына арналған: жастарға белсенді жаттығулар жасауға, ал ересектерге жеңіл қимыл-қозғалыстар арқылы денсаулығын шынықтыруға мүмкіндік береді.

Дендросаябақ қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі. Сондықтан мұнда жасалып жатқан жаңғырту жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, бос уақытын тиімді өткізуіне кең мүмкіндік береді.

Қала әкімдігі мен демеушілердің бірлескен бұл бастамасы – әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі. Алдағы уақытта да мұндай жобалар жалғасып, Шымкенттегі қоғамдық кеңістіктердің заманауи әрі қолайлы орынға айналуына үлес қоспақ.