Біздің еліміздегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті идеологиялардың таралуы болып табылады. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар.Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары профилактика және мақсатты реабилитациялау сияқты негізгі екі бағытта жүргізіліп келеді. Қазіргі кездегі әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырған ғаламдық мәселе — діни экстремизм мен терроризм. Сондықтан студент жастардың бойында экстремизм мен терроризмге қарсы тұру имуннитетін дамыту, азаматтық қоғамға сай әлеуметтік мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру — басты міндеттердің бірі саналады.
Осы бағытта 2022 жылы 29 қараша күні Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандары Сулейменова Алина мен Марат Айсұлудың ұйымдастыруымен Шауғар мөлтек ауданына қарасты №3 Әмір Темір атындағы жалпы орта мектепте жоғары сынып оқушылары арасында «Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге Түркістан облысы дін істер басқармасы “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог маманы Асхат Дүйсен мырзаның қатысуымен өткізілді. Кездесудің мақсаты жасөспірімдерге теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу туралы терең түсінік беру. Сондай-ақ жасөспірімдерге бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін түсіндіру. Кездесу барысында сала мамандары жастарға отанды сүю иманнан екенін және жастарға түрлі кереғар діни ағымдардан сақтану жолдары, тәлім-тәрбиелілік, біліктілік, ата-ананы құрметту сынды тақырыптар төңірегінде сөз қозғап жастар көкейіндегі сұрақтарына жауап алды.