Елді мекендерді табиғи газбен қамту: халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды қадамы

Елді мекендерді табиғи газбен

Қазақстан Республикасы үшін елді мекендерді табиғи газбен қамту — әлеуметтік және экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі. Бұл бастама халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, экологиялық ахуалды сауықтыруға және отын-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Сондықтан газдандыру жұмыстары мемлекет үшін стратегиялық мәнге ие.

Табиғи газ – экологиялық таза әрі тиімді отын түрі. Оны пайдалану ауаға зиянды заттардың таралуын азайтады, тұрғындардың денсаулығына жағымды әсер етеді және қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетеді. Көмір немесе сұйық отынмен салыстырғанда, табиғи газдың жану өнімдері анағұрлым қауіпсіз және аз зиянды.

Сонымен қатар, табиғи газбен жылыту – тұрғындар үшін қаржылық жағынан тиімді. Газ жүйелерімен жабдықталған үйлерде энергия шығыны төмендейді, ал тұрмыстық техника мен жылыту қондырғылары ұзақ қызмет етеді.

Газдандыру – тек энергиямен қамтамасыз ету ғана емес, ол ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Табиғи газ тартылған елді мекендерде жаңа жұмыс орындары ашылады, шағын және орта бизнес дамиды. Сонымен қатар, газбен жабдықталған ауылдарда тұрғындардың өмір сүру деңгейі жоғарылайды, миграциялық үдерістер баяулайды – яғни, ауыл халқы қалаға көшудің орнына туған жерінде еңбек етуге бейімделе бастайды.

Осы ретте Түркістан облысы Ордабасы ауданында тұрғындарды газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.  Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке, Сарытоғай ауылдарында «көгілдір отын» беру рәсімі өтті. Ауыл жұртын қуантқан салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы барып тұрғындарды құттықтады.

Аудан басшысы жұртшылықты құттықтай отырып, осы нәтижелі жұмыстың жүзеге асуына облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарының үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті. Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш бұл игілікті істің Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып отырғанын айтып, ауыл халқына ақжарма лебізін арнады. Өз кезегінде ауыл жұрты бұл игілікке зор ризашылығын білдіріп, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.

Айта кетсек, аудан бойынша 25 елді-мекенді газбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 2021 жылы тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Соңғы 2 жыл ішінде аудан әкімінің үйлестіруі мен бақылауының нәтижесінде аудан тұрғындарын толық табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде қазіргі таңда аудан бойынша 57 елді-мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып, жалпы көрсеткіш 2 жылдың ішінде 15,7 пайыздан 63,1 пайызға өсіп отыр.

Келесі кезекте Шұбарсу ауылын газбен қамту міндеті тұр. Биыл ауылға газ жеткізуші құбырдың құрылысына бастапқы қаржы қаралып, жұмыстар басталады. Одан бөлек, басқа да елді-мекендерде тиісті жұмыстар атқарылып, 2 жыл көлемінде ауданымыз толық газбен қамтылады деп күтілуде.

Ендігі кезекте, табиғи газ қосылған ауыл тұрғындары өз үйлеріне газ қосу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Аудан басшысы ауыл оркругтерінің әкімдіктеріне бұл жұмыстарға тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.

Елді мекендерді табиғи газбен қамту – бұл тек тұрмыстық жағдайды жақсарту емес, ол тұтас елдің даму стратегиясының бір бөлігі. Газдандыру халықтың өмір сапасын арттырумен қатар, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, экономиканы әртараптандыру және ауылдық аймақтардың әлеуетін ашу бағытында үлкен рөл атқарады. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар одан әрі де кеңейіп, барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді болуы тиіс.