Еріктілік — жақсы ниетпен бір нәрсе жасау, бұл жәй ғана ақысыз жұмыс емес, азаматтардың жауапкершілігінің және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайындығының көрсеткіші. Соңғы жылдары біздің елде де ерікті жастардың қатары күн санап артып келе жатқанын көріп жүрміз.Елімізде қандай да бір төтенше жағдай орын алса көмекке келетіндер қатарында еріктілер көп. Біздің еріктілеріміз өтіп жатқан көп жиындарда, әлемді жайлаған індет кезінде де ерекше ерлік көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен әрқашан волонтерларды қолдаймын. Еріктілер — жаны таза жандар. Олар елдің шынайы патриоты, мұндай азаматтар мемлекетіміздің дамуына, аса маңызды реформаларды жүзеге асыруда үлкен үлес қосатыны сөзсіз» деген еді.
Ендеше ерікті болу — ерлікпен тең. Жыл өткен сайын еріктілерге ерекше көзқарас қалыптасуда. Аудандық жастар ресурстық орталығы салауатты өмір салтын сақтану, жер анамызды таза ұстау, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін, танымдық экскурсияларға саяхаттауға, спорттық-мәдени іс-шараларға ат салысатын ерікті тұрғыда волонтер болуға шақырады.