Полицейлер есірткі жарнамалаған 214 сайтты анықтады, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының полицейлері интернет әлеміндегі есірткі саудасына тосқауыл қою, есірткі қылмысының алдын алу мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері Полиция Департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлерімен, осындай заңсыз әрекетпен айналысатын 214 есірткі сайттары анықталды. Оларды бұғаттау бойынша шешім қабылдау үшін құзыретті мемлекеттік органға жолданған болатын.
Сонымен қатар, жалпы облыс полицейлері 9 ай ішінде 165 есірткі қылмысын тіркеді. Оған қоса 208 есірткі теріс қылықтары анықталды. Оның ішінде 19-ы есірткі сату қылмысы, 19-ы аса ірі көлемде есірткі затын сақтау, 55-і есірткі контрабандасы. Есірткі өсімдігін еккен 69 дерек анықталды. Сондай-ақ 200 000 түптен астам сора өсімдігі табылып, жойылды. Заңсыз айналымнан 1,5 тоннаға жуық түрлі есірткілер тәркіленіп алынды.
Одан бөлек, Cарыағаш аудандық полиция бөліміне шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп, онда «Наоми» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыға белгі береді.
Полицейлер күмән тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Осы сәтте күдікті азаматтың аяқ киімінен есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «гашиш» есірткісі екені расталды.
Ұсталған орта жастағы азаматтың Тәжікстан елінің тұрғыны екені анықталды. Күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Түркістандық тәртіп сақшыларымен бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар атқарылып, есірткісіз қоғамның қалыптасуы жолындағы іс-шаралар іске асырыла бермек. Есірткімен күрес – ешқашан тоқтамайды!