Еңбек адамы: Мельдешева Айгуль Сейдуллаевна – білім беру саласында қызмет етуде

Мельдешева Айгуль Сейдуллаевна 1976 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында дүниеге келді. Бала кезінен еңбекке деген құштарлығы мен білімге деген ынтасы жоғары болды. 1982 жылы Шардарадағы М.Әуезов атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған Айгуль мектепке деген сүйіспеншілігін ерте оятты. 1988 жылы отбасымен Жетісай қаласына көшіп, 1992 жылы Б.Момышұлы атындағы мектепті аяқтап, білім жолындағы алғашқы қадамдарын одан әрі жалғастырды.

Жас талапкердің болашақтағы мамандық таңдауы айқын болды – ол табиғатпен және экологиямен байланысқан саланы меңгеруге шешім қабылдайды. 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне өндірістік экология және табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мамандығына оқуға түсіп, оқу орнында алған білімін алғашқы күннен бастап тәжірибеде қолданып жүрді. Ал, 2000-2003 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде информатика саласы бойынша білімін тереңдете түсті.

Айгуль Сейдуллаевна өз еңбек жолын 1998 жылы А.С. Пушкин атындағы мектеп-гимназияда мұғалім ретінде бастап, жас буынға білім нәрін сіңіруге алғашқы қадамдарын жасады. Оның жұмысқа деген ұқыптылығы мен жауапкершілігі өзгелерге үлгі болды. Бұл жол оның оқу-ағарту саласына деген ықыласын арттыра түсті.

2000-2004 жылдар аралығында Айгуль Сейдуллаевна Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде есептеу орталығында оператор қызметін атқарды. Бұл кезең оның кәсіби дамуында маңызды кезең болды. Кейіннен 2004-2011 жылдары университеттің кадр бөлімінде инспектор, аға инспектор қызметтерін атқарып, басқару жүйесіндегі іскерлігімен танылды.

2011-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында аға инспектор, кеңсе меңгерушісі, кадр бөлімінің бастығы және басқарма бастығы лауазымдарын атқарып, үлкен жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілеттерін паш етті. Осы жылдары Айгуль Сейдуллаевна білім беру ұйымдарының жұмысына жаңа тыныс беріп, қызметкерлермен тиімді жұмыс істеу мен ішкі процестерді оңтайландыруда ерекше жетістіктерге жетті.

2017-2022 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде кадр бөлімінің бастығы, басқарма бастығы, департамент директоры қызметтерін атқарып, кадрлық саясатты дамыту, университеттің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырды.

Қазіргі таңда, 2023 жылдан бері Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Адами ресурстарды дамыту департаментінің директоры болып қызмет атқарып, оқу орнында адами капиталды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Оның кәсіби құштарлығы мен білімге деген терең сүйіспеншілігі университеттің барлық деңгейдегі қызметкерлері үшін үлкен мотивация мен бағыт болып табылады.

Айгуль Сейдуллаевна – тек маман емес, өзгелерге білім беріп, қоғамды дамытуға атсалысқан нағыз еңбекқор тұлға. Оның өмірі мен еңбегі жастарға, әріптестеріне, және барша қоғамға үлгі боларлықтай. Оның еңбек жолы – білім мен өз ісіне деген адалдықтың айқын көрінісі.