Шымкентте иесіз жануарлардан зардап шеккендер қатары артып отыр. Былтыр 6 айда 700 адам зардап шексе, биыл 900 адам қаңғыған ит-мысық пен басқа да тіршілік иелеріне таланған. Үй жануарынан зардап шеккенннің бірі Құдиярхан Махатов. Сырласымен аулада әңгімелесіп тұрғанда, сыныптасының кәндені қара санынан қапқан. Ақсақал дереу ақ халаттыларға жүгініп екпесін алыпты.
Елімізде қаңғыбас ит-мысықтарды атып, жоюға тиым салынған. Жаңа тәртіп бойынша ветеринар мамандар иесіз итті аулап, кострациялап, екпесін егіп, ұстаған жеріне қайта жіберу керек. Осылайша бұралқы қамсыз өмірін жалғастыруы тиіс. Десекте соңғы уақытта Шымкентте иесіз ит-мысыққа таланғандар қатары күрт өскен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл зардап шеккендер саны 200 адамға артып отыр.
Шымкентте әр жылы 3 мыңнан астам адам жануарлардан зардап шегеді екен. Жыл басынан бері жалпы 1 680 талану фактісі тіркелген. Төрт аяқтының төртеуінен құтыру індеті анықталған. 25 адам антирабиялық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы вакцина алған.
Қаңғыбас иттердің мәселесі бойынша елімізде жаңа заң қабылданды. Бұл заң азаматтар тарапынан талқыланды, әлі де талқылануда. Нәтижесінде қазақстандықтардың қаңғыбас иттерге қатысты көзқарасы қақ жарылды. Бірінші тарап «Иесіз үй жануарларынан келетін қауіп көп, сондықтан оларды аулап, атып болсын санын азайту керек» десе, келесісі «Иесіз ит пен мысықты өлтіру – жауыздық, мемлекет гуманизм қағидаларын сақтап, бұларға пана тауып беру керек» дейді.
Әрине қоршаған ортаны қорғау, жануарларға жанашырлық таныту адамзат үшін ортақ міндет екені түсінікті. Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды. Енді дамыған елдер секілді бізде де жануарларға деген қөзқарас өзгермек. Яғни жаңа заң бойынша «Ит-мысықтарды асырау және серуендету қағидалары, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары» деген сөздер «Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары» деген сөздермен ауысқан. Сол себепті қазіргі кезде елде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстары тоқтап тұр.
Be the first to comment on "Жыл басынан бері 1 680 жабайы жануардан талану фактісі тіркелген"