Жамбыл облысында жабайы қарасора өсетін Шу алқабының жаңа картасы жасалды.
Құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарымен күресу кезінде полиция қызметкерлері осы уақытқа дейін 1989 жылғы деректерді пайдаланып келген болатын. Сол кездегі есептеулер бойынша жабайы қарасораның қаулауы 138 мың гектардан асты.
Өткен жылы 30 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің бастамасымен Шу алқабындағы жабайы қарасораның нақты өсу картасын жасау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Жоба қорытындысы бойынша жабайы қарасора алқаптарының 138 мың гектардан 62 мың гектарға дейін қысқарғаны анықталды.
Алынған мәліметтерді «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ аэрографиялық түсірілім жолымен растады.
Жаңа картаға сәйкес өсу аумағы Меркіден (- 65 мың га) Т.Рысқұлов ауданына (+ 9,5 мың га) ауысты.
Полиция елдегі есірткі жағдайын айтарлықтай тұрақтандыруға мүмкіндік беретін жаңа деректерді ескере отырып, есірткі бизнесіне қарсы күресте жаңа тәсілдерді қолдана бастады.
Карта полицияға жабайы қарасора өсетін нақты аудандарға жүйелі бақылау жүргізуге, тыйым салынған заттарды дайындаумен де, тұтынумен де айналысатын адамдарды анықтау бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
— Біздің қызметкерлер есірткі жеткізу арналарын анықтау және жою, ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметінің жолын кесу бойынша үздіксіз жүйелі жұмыстар жүргізуде. Олар сондай-ақ шабу және өртеу арқылы каннабистің өсу ошақтарын жояды. Енді жаңартылған деректермен бұл жұмыс екі есе тиімді болады. Полицейлер қарасора дайындаушыларды анықтау үшін оның әрбір учаскесін мұқият зерттейтін болады, — деп атап өтті ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.