Жаз мезгілінде жіті ішек инфекцияларынан сақ болыңыз!

Жіті ішек инфекциясы

Жаз — табиғаттың ғана емес, маусымдық аурулардың да белең алатын кезі. Ауа температурасының жоғарылауы, тез бұзылатын өнімдердің молаюы, жеке гигиена талаптарының жиі ескерілмеуі — мұның барлығы жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) мен тағамнан улану жағдайларының күрт артуына себеп болады.

Жіті ішек инфекциясы — бактериялар мен вирустар тудыратын, көбінесе ауыз арқылы (лас қол, су, тағам арқылы) жұғатын аурулар тобы. Бұл инфекциялар көбіне құсу, іш өту, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі секілді белгілермен басталады. Балаларда емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, кей жағдайларда дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы байқалады. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек.

Шымкент қаласында ағымдағы  жылдың 5 айында ЖІИ-мен ауырғандардың ішінде 65,6% — 14 жасқа дейінгі балалар. Аурудың себептері — күту мен тамақтандыру ережелерінің бұзылуы және ата-аналардың балаларда гигиеналық дағдылардың қалыптасуына көңіл бөлмеуі. ЖІИ-дің көбеюі тырысқақ ауруының тіркелу қаупін арттырады.

Жіті ішек инфекциясының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі.

Неліктен жазда жиі кездеседі?

Жаз мезгілінде күннің ысуына байланысты көптеген факторлар инфекциялардың таралуына жағдай жасайды:

— жеке гигиенаны (қол жуу сияқты) сақтамау;
— жоғары температура – дайын тағам өнімдерінің тез бұзылуына себеп болуы;
— жеміс-жидектердің көбеюі – дұрыс жуылмаған немесе ерте піскен өнімдерден улану қаупі жоғары;
— суға шомылу маусымы – ашық су көздерінен (өзен, көл) жұғу ықтималдығы артады;
— сыртта тамақтану (пикник, базардағы дайын тағамдар) – санитариялық талаптар толық сақталмауы мүмкін.

Жазда халық арасында кең таралған өнімдердің бірі — қарбыз, қауын, өрік, құлпынай, шие секілді жемістер. Бұл өнімдер табиғи жолмен пісіп үлгермей тұрып, пестицидтер немесе нитраттар сияқты химиялық заттардың көмегімен ерте пісіріліп, нарыққа түсіп жатады. Мұндай жемістер: балалар мен жүкті әйелдерге ерекше қауіп төндіреді,  дұрыс сақталмаса немесе тазаланбаса, ішек инфекциясын тудырады.

Қосымша: Ерте піскен, пішіні қалыптан тыс үлкен немесе аномалды жылтыр жемістерден бас тартқан жөн.

Пестицидтермен улану қаупі: ауылшаруашылық өнімдерін өсіру кезінде қолданылатын пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштардың қалдығы толық жуылмаған көкөніс, жеміс-жидек арқылы ағзаға түсіп, асқазан мен ішек жолдарының бұзылуын тудырып, улануға себеп болуы мүмкін. Уланудың белгілері: жүрек айну, бас айналу, іштің ауыруы, құсу, тыныс алудың қиындауы, кейде есінен тану.

Алдын алу шаралары:

ЖІИ-ді жиі «лас қолдың ауруы» деп атайды, себебі гигиена талаптарын сақтамайтын адамдар оған жиі шалдығады. Адам күн сайын көптеген лас заттарға қол тигізеді: көліктегі тұтқалар, есік тұтқалары, ақша, қол алысу және т.б. Сондықтан тамақ дайындаудың және ішудің алдында, көшеден келгенде, әжетханадан кейін, балаға күтім жасаудың алдында қол жуу — қарапайым, бірақ аса маңызды ереже.

Қосымша ұсыныстар:

— ерте піскен, ерекше үлкен көлемдегі жемістерді тұтынбауды ұсынады;

— көше бойында белгісіз адамдардан дайын тағам сатып алмау — санитариялық нормалардың сақталмауы мүмкін;

— қолдан жасалған сүт, қаймақ, ірімшік сияқты өнімдерден сақ болу – оларда сальмонелла, дизентерия қоздырғыштары болуы ықтимал;

— тамақтарды ұзақ уақыт бөлме температурасында қалдырмау – тоңазытқышта сақтау маңызды;

— ашық су айдындарында шомылмас бұрын тазалығына көз жеткізу – лас су ішек инфекциясының көзі болуы мүмкін, тек рұқсат етілген жерлерде шомылу;        

— егер судың сапасына күмәнданған жайда, оны міндетті түрде қайнатып немесе бөтелкедегі суды пайдаланған жөн.

Ішек инфекциясымен кез-келген жастағы адам ауыруы мүмкін. Дегенмен, аурушаңдық 14 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі. Ал, ең кішкентай нәрестелерге келсек, оларды аурудан сақтау үшін қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді, оларды күту кезінде: әрбір тамақтандыру және тамағын дайындау алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, баланың әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау керек.

Аурудың себептерін анықтау барысында көптеген аналар, әсіресе жас аналар, балалар қоспасына арналған бөтелкені ыстық сумен шаюдың орнына бірнеше рет қолданатынды. Балалар арасындағы ішек инфекциясының басты себебі балаларға беретін қоспаларды тоңазытқышсыз ұзақ уақыт сақтау да себеп болады. Ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтау керек. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Әсіресе, балалар мен қарт адамдар ағзасы асқынуларға бейім келгендіктен, ауру ауыр ағымда өтеді.

Жаз — демалыс пен рахаттың мезгілі. Бірақ сол рахаттың арты ауруға айналмас үшін, тағам қауіпсіздігіне, жеке гигиенаға ерекше көңіл бөлу қажет.

Жіті ішек инфекциясының алғашқы белгілері байқалса, өздігінен ем қабылдауға болмайды, міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет! Аурудың ауыр түрінің алдын алу мақсатында емханаларда ауыз арқылы қабылдайтын регидратация пункттері (ПОР) ұйымдастырылған. Бұл жерде медициналық қызметкерлердің бақылауымен ағзаның сусыздануына қарсы ем жүргізіледі.

Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтау — өз қолыңызда!

Абай болыңыз, сақтаныңыз, сау болыңыз!