Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жамбылдық зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері мен қала тұрғындар саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алды деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.
Еске алу шарасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, тағзым етті.
Тараз қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі осы зұлмат заманда жапа шеккен жандардың құрметіне қойылған ескерткіштің маңында өтті. Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Шараға сол бір зұлматты жылдарында ата-бабалары қазақ жерін паналап, құтты мекен еткен түрлі ұлттардың бүгінгі ұрпақтары, этномәдени орталықтың өкілдері де келіп, аза тұтты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ашаршылық тақырыбын кеңінен зерттеу ісі де қолға алынған.
Зұлмат жылдардың құрбандарын әрқашан есте сақтап, рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.