Ағымдағы жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңынан жасырылған қару-жарақ табылды.
-«Белгісіз адамдар 8 бірлік автомат пен оған арналған 17 оқжатар, 1 граната, 12 калибрлі газ-травматтық қару, «Krall» маркалы мылтықты және 1 дана пышақты қапқа салып, жерге көміп кеткен.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды» — деп хабарлады Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұржан Қалметов.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.
Табылған қару-жарақ, оқ-дәрілер және арнайы құралдар туралы ақпаратты полицияға жеткізу туралы хабарламадан соң, «102» арнасына тұрғындардан қоңыраулар келіп түсуде.
ЖО ПД баспасөз қызметі