Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов құрамына ювеналдық полиция, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия, жергілікті атқарушы органдар, білім беру мекемелерінің өкілдері кіретін мобильдік топтар құрылатынын хабарлады деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.
Мұндай шешім М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың, аудан әкімдері мен Білім басқармасы басшылығының қатысуымен өткен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес барысында қабылданды.
Мобильдік топтар облыстық прокуратураның бастамасы бойынша құрылатын болады.
Кеңес барысында жасөспірімдер қылмысының алдын алуға және Консультативтік кеңестің жұмысына қатысты мәселелер талқыланды. Құқық қорғау органдарының, уәкілетті органдардың, оқу орындарының өзара іс-қимылын күшейту туралы шешім қабылданды.
Қылмыс жасалған жағдайда жедел ден қою және алдын алу іс-шараларын жүргізу алгоритмінің жекелеген тармақтары қайта қаралды.