Шымкент қаласы әкімдігінде студенттерді әкімдіктің қызметімен таныстыру және мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін түсіндіру бойынша “Ашық есік күні” өтті.
Қала әкімі аппараты, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы бірлесе ұйымдастырған іс-шараға ЖОО, колледж шәкірттері қатысты.
Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев мемлекеттік қызметтің құрылымын, маңыздылығын түсіндіріп, аталған жиын шәкірттерге мемлекеттік қызметке кіруіне өз септігін тигізетінін атап өтті.
— Қала әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің 20 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар. Жас ұрпақтың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыруда бүгінгі жиынның маңызы зор. Қала әкімдігі бұл бағытта әрдайым қолдауға дайын, — деді аппарат басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, іс-шарада Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ардақ Қансейіт мемлекеттік қызметке азаматтарды іріктеудің жолдары, заңға енгізілген өзгерістерді баяндады. Шымкент қаласында Мемлекеттік қызметке орналасуға іріктеудің жаңа пилоттық жобасы әзірленген.
«Шымкент келбеті»