Жастар арасында нашақорлықтың және аитв/житс-тың алдын алу

Нашақорлық-наркомания (грек тілінен narke – мелшию және manіa – ессіздік, құтырыну) – есірткі заттарға патологиялық дағдыланудың нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткіні қолданатындардың әлеуметтік сипаты да өзгерді, бүгінгі күнге олардың қатарын орташа және тіпті жақсы қамтамасыздандырылған отбасылардың балалары толтырып отыр. Осы орайда аса қажетті шара бұл заңнаманы күшейту. Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаң қолдануды талап етеді. Бүгінгі күні біздің елімізде осы есірткі мәселесі жайлы толғанбайтын адам қалмаған болар. Әсіресе, қазіргі кезде жастар мен жеткіншектер арасындағы есірткі мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр.

АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) — адамға өте қауіпті вирустардың бірі. АИТВ иммундық жүйені зақымдайды. Нашақорлық пен АИТВ алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру барша қоғамның міндеті.                                                                                          

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті» студенттеріне жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің және АИТВ/ЖИТС–тің алдын алу мақсатында кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты — АИТВ/ЖИТС–тің және нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып жастарды спортқа баулу.

Кездесуге ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті студенттері қатысты.

Шара аясында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. Сонымен қатар сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында кітап оқуға шақырды. Сөз соңында жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.

Ntime.kz