Сыбайлас жемқорлық- қоғам дерті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда көптеген әр түрлі шаралар ұйымдастырылып жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау мақсатында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Жастар бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөнінде іс-шаралар кешенін жүргізу» атты әлеуметтік жобасы шеңберінде — «ЖАҢАРУ» РҚБ Шымкент қалалық филиалынан құралған жұмысшы топ жаңа оқу жылына дайындық тұрғысына сәйкес мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Бүгінгі мониторинг Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің жатақханасына жүргізілді.
Бастаманың негізгі мақсаты: оқу орындары жатақханаларындағы студенттердің әл – ауқатын, оқыту және орналасу жағдайларын білу, өрт қауіпсіздігі талаптары және санитарлық нормалардың өз деңгейінде сақталуына мониторинг жүргізу.
Жұмыс тобының құрамында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының мүшелері: Сарсенов Хайрулла Амантайұлы (Шымкент қаласының құрметті депутаты), Сүлейменов Қайрат Мұсаханұлы (Шымкент қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі), Ақтаев Мұқтар Бексұлтанұлы («Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының директор орынбасары), Абуова Гүлбала Елбайқызы (ҚР мәдениет қайраткері), Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің жатақханасының басшылары және «ЖАҢАРУ» РҚБ ШҚФ аппарат қызметкерлері болды.
Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің жатақханасының жалпы көлемі 300 адамға арналған. Зерделеу барысында жатақханада жас студенттерге арналып жаттығу залы, әр қабатта өзіндік асханалары, лифт, оқу класстары, алғашқы көмек көрсету орны (дәрігерлік пункт) қамтамасыз етілген. Мониторинг нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптары және санитарлық нормалар, жас студенттерге оқыту және орналасу жағдайлары толық қамтамасыз етілгендігі анықталды.