Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму — еліміз үшін бірінші кезектегі мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды».
Бүгінгі таңда «Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды. «Жасыл ел» жастар ұйымының мақсаты: жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.
Шымкентте қалалық жастар ресурстық орталығында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жастарды жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды. Жиынға жастар ресурстық орталығының өкілдері мен студент жастар қатысты.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйым белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулу, патротизмді қалыптастыруға үлесін қосуда. Еңбектеріңізге алғысымды білдіре отырып, баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жауапты мамандардың айтуынша, биыл қалада 1500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Еңбек жасақтары қала тазалығына елеулі үлес қосып келеді. Жобаға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен жұмыссыз жастар қатыса алады. Жас ерекшелігі 18-35 жас аралығын құрауы тиіс.