Түркістан қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Б.Жумабаева мен Түркістан қаласы №6 М.Мәметова атындағы жалпы орта мектебінің 7-11 сынып оқушылары арасында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында кездесу өткізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу — басты міндет. . Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал сабақтан тыс уақыттарда, каникул кездерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдастырылмауы, көшедегі келеңсіз оқиғалардың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық.
Кездесу барысында мектеп оқушыларына мектептегі тәртіп ережелері, жолда жүру ережелері, бөгде адамдармен қарым-қатынас, кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілігі, түнгі сағат 22:00 ден кейін ойын сауық орындарында, түнгі сағат 23:00 ден кейіне көшеде ата-анасыз жүруге болмайтыны түсіндірілді.
Оқушыларға өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің, жыныстық қол сұғылмаушылықтың, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, өзінен төмен сыныптарға күш көрсету, әлімжеттік жасау, ақша жинау, ар-ожданын таптау, біреуге қысым көрсетуге болмайтыны туралы айтылып, оқушылармен пікір алмасу арқылы талқыланды.
Сонымен бірге, ерте жүктіліктің алдын алу және кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің қаупі мен зардаптары бойынша қыз балалармен бөлек түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі келешек аналардың қолында, қыз баланың тәрбиесіне байланысты. Қазіргі таңда ерте жүктілік, мектеп қабырғасында жүріп босану белең алуда. Ерте жүктіліктің басты проблемасы — жыныстық тәрбиенің жеткіліксіз болуы.Көптеген отбасында бұл туралы ашық әңгіме жүргізілмей, анамен қыз баланың өзара қатынасы дұрыс болмауынан да орын алып жатады. Ерте жүктіліктің ертеңі белгілі, жыныстық өмірдің ерте басталуы қауіпті, сондықтан сақ болып, гигиенаны сақтап, мұндай оқиғаға жол бермеу, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, зорлық-зомбылық көрсету фактілері орын алып жатса, қандай әрекет жасау керектігі туралы түсіндірілді.